27 мамыр мен 1 маусым аралығында Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында әлеуметтік желілерде #БалаларҮні республикалық челленджі өтуде.
Бұл бастама балалармен ашық диалог мәдениетін нығайтуға, олардың құқықтарын қорғау мәселелеріне қоғам назарын аударуға және балалардың өздеріне маңызды тақырыптарды талқылауға белсенді қатысуына ықпал етуге бағытталған.
Челлендждің басты мақсаты — балаларға өз ойларын ашық айтуға, оның дауысының естілуіне және мектеп пен қоғамдық ортаны жақсартуға өз үлестерін қосуға мүмкіндік беру.
Челленджге еліміздің барлық өңірлеріндегі балалар мен жасөспірімдер қатыса алады. Қатысушылардан ұзақтығы 1 минуттан аспайтын қысқа бейнежазба немесе мәтіні бар фото-пост форматында келесі сұрақтардың біріне жауап беру сұралады:
* Өз мектебіңде, қалаңда немесе еліңде нені өзгерткің келеді?
* Сенің үнің естіледі дегенді қалай түсінесің?
* Қазақстандағы балалардың болашағын қалай елестетесің?
* Арманыңдағы мектепті сипаттап жаз немесе суретін сал.
Жарияланымдар әлеуметтік желілерде #БалаларҮні хэштегімен жарияланады. Ең үздік идеялар өңірлік және республикалық деңгейде қолдау тауып, көпшілікке ұсынылады.
Челлендж «Бала үні» тақырыптық күні аясында ұйымдастырылып, Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған онкүндіктің бір бөлігіне айналды.
#БалаларҮні — әр баланың дауысы естілетін алаң.