Бала кездегі ұйқының тәттілігін ұмытқан адам жоқ шығар. Мектепте оқыған жылдары ұйқыдан әзер оянып , сабаққа барған шақ әр адамның есінде. Жыл бойы асыға күткен жаз мезгілінде өтетін оқушылардың жазғы
тәжірибесіне ұйқыдан ояну әсіресе қиын еді. Есейе келе, өз балаларымыз жазғы тәжірибеге барғанда ғана , сол жұмыстың пайдасын түсіне бастаймыз. № 3 орта мектебінде бесінші еңбек тоқсанына 5-10 сынып оқушылары қатысады. Әр оқушы мектеп жанындағы телімде 10 күн еңбек ету керек.Мамыр айында жұмыс жоспары , жұмыс кестесі құрастырылып ,әрбір сынып оқушылары өздеріне үлестірілген жер телімінде түрлі гүлдерді егіп , ағаштар мен бұталардың көшеттерін отырғызған. Ал мектеп бақшасында қияр, қызылша, сәбіз , картоп , асқабақ сияқты көкөністер егілген. Жазғы тәжірибе кезінде балалар мұғалімдерімен бірге гүлзарларды суарып , арамшөптерін жұлып, жүйектерді отап еңбек етті. Қолдарына кетпен ұстап көрмеген қаланың балалары осындай жұмыс үстінде еңбектің маңыздылығын ,пайдасын түсінеді.Мұндай жазғы тәжірибенің нәтижесінде мектептің алды түрлі-түсті
кілем сияқты жайнап тұр. Қызыл, сары , көк гүлдер өткен –кеткен адамның көз жауын алып, қуантады. Сондай-ақ ,
мектеп алаңында декоративтік бөлім- дендрарий жасалған. Мұнда киіз үй, конус пішінді құрылымдар , шыны-аяқ , құдық тәрізді гүлзарлар бар. Адамдар жайқалған ағаштардың саясында орналасқан сәкілерге отырып, тыныға алады. Жыл сайын біздің мектебіміз аудан көлемінде ауланы көгалдандыру мен көркейту бойынша өткізілетін сайыста жүлделі орындарға ие болып жүр. «Еңбекке жастан , өнерге бастан» деген аталы сөзде үлкен мән жатыр.
Бала кезден еңбек етуге үйренген ұрпақтың болашағы зор болатынына сенімдіміз.