1.Тиісті саланың уәкілетті органы немесе білім саласындағы жергілікті атқарушы органы өзінің интернет қорында және/немесе әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымында Қамқоршылық кеңестің құрылатындығы және оның құрамы бойынша ұсыныстардың қабылданатындығы туралы хабарландыру қазақ және орыс тілдерінде орналастырады.
Ұсыныстарды қабылдау хабарландыру жарияланған күнінен кейін он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
2. Қамқоршылық кеңестің құрамы Қамқоршылық кеңеске мүше болуға үміткерлердің жазбаша келісімімен алынған ұсыныстардың негізінде қалыптастырылады және тиісті саланың уәкілетті органы немесе білім беру саласындағы жергілікті атқарушы орган ұсыныстарды қабылдау аяқталғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде бекітеді.
3. Қамқоршылық кеңестің құрамына мыналар кіреді:
1) жергілікті өкілдік, атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдері;
2) жұмыс берушілер мен әлеуметтік әріптестердің өкідері;
3) коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері (бар болса);
4) ата-аналар комитеті ұсынған әрбір параллель сыныптан, курстан сол білім беру ұйымында білім алушылардың бір ата-анасы немесе заңды өкілі;
5) қайырымдылық жасаушылар (бар болса).
Білім беру ұйымының жанынан құрылған Қамқоршылық кеңес отырысына осы білім беру ұйымының басшысы немесе оның орынбасары қатысады.
Қамқоршылық кеңес құрамына "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 51-бабы 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген адамдар кіргізілмейді.
4. Қамқоршылық кеңес мүшелерінің саны тақ, бір-бірімен және сол білім беру ұйымының басшысымен ешқандай туыстық және жекжаттық қатынасы жоқ кемінде тоғыз адамнан құрылады. Қамқоршылық кеңес мүшелерінің өкілеттік мерзімі үш жылды құрайды. Қамқоршылық кеңес мүшелері сол білім беру ұйымы қызметкерлерінің штатына кірмейді.
Тірек мектептерінде (ресурс орталығы) құрылған Қамқоршылық кеңес өкілеттігі оған бекітілген шағын жинақты мектептерге де таратылады.
5. Мемлекеттік органдардың өкілдері болып табылатын Қамқоршылық кеңес мүшелерінің саны үш адамнан аспайды.
6. Қамқоршылық кеңестің отырысында ашық дауыс беру жолымен дауыстар басымдылығымен сайланатын (қайта сайланатын) оның төрағасы Қамқоршылық кеңестің басшысы болып табылады.
Мемлекеттік органдардың өкілдері Қамқоршылық кеңестің төрағасы болып сайланбайды және оның міндеттерін жүзеге асырмайды.
7. Қамқоршылық кеңестің төрағасы болмаған жағдайда Қамқоршылық кеңестің шешімі бойынша оның қызметін Қамқоршылық кеңес құрамына кіретін мемлекеттік органдардың өкілдерінен басқа Қамқоршылық кеңес мүшелерінің бірі жүзеге асырады.
8. Төраға Қамқоршылық кеңестің атынан әрекет етеді және осы Қағидаларға сәйкес оның қызметін қамтамасыз етеді.
9. Қамқоршылық кеңестің хатшысы білім беру ұйымдары қызыметкерлері арасынан тағайындалады және ол Қамқоршылық кеңестің мүшесі болып табылмайды.
Қамқоршылық кеңестің хатшысы Қамқоршылық кеңестің дайындығын, өткізілуін, материалдар мен отырыс хаттамасының рәсімделуін қамтамасыз етеді.